«Барыс» ресейлік клубтан Дмитрий Бреусті жалға алды

Фото: «Барыс» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Барыс» командасының құрамын Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) хоккей клубында ойнаған қазақстандық қорғаушы Дмитрий Бреусті толықтырды. 

Жалға алу мерзімі бір маусымға жасалды. Яғни хоккейші 2026 жылдың 31 мамырына дейін елордалық клуб сапында өнер көрсетеді.

Астаналық команданың жаңа маусымға оқу-жаттығу жиынының негізгі бөлігі Астанада өтіп жатыр. Алдымен медициналық комиссия тексеруінен кейін екіжақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер 15 шілдеден бастап дайындыққа кірісті. Ал 1 тамыздан бастап біржақты келісімшартқа қол қойған хоккейшілер олардың қатарына қосылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын елордалық клубпен АҚШ хоккейшісі Иэн Маккош, Джейк Масси, ресейлік Юрий Паутов, Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко келісімшартқа қол қойды. 

Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.

Биыл «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетті. Шығыс конференциясында 12 орын алып, 68 ойыннан кейін небәрі 35 ұпай жинады.