«Барыс» сапына америкалық шабуылшы қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық «Барыс» сапына америкалық хоккейші Чейз Де Лео қосылды.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі хабарлады. Америкалық шабуылшымен жасалған келісім-шарт біржақты жасалған және бір маусымға есептелген.
Чейз Де Лео бүкіл мансабын Солтүстік Америкада өткізген. 2014 жылдан бастап «Виннипег Джетс», «Анахайм Дакс» командаларында ойнады.
Биыл елордалық клуб қатарын бірқатар шетелдік хоккейшілер толықтырды. Олардың арасында швециялық қақпашы Юхан Маттссон, қорғаныста Натан Больё, америкалық Уилл Батчер, ресейлік Никита Камалов, Виктор Антипин, шабуыл шебінде канадалық Уэйд Эллисон, Коннор Смит пен Майкл Маклауд, беларусьтік Владислав Кодола, ресейлік Дамир Жафяров, Антон Бурдасов және басқа да спортшылар бар.
Қазақстандық команда Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы екі ойынында жеңіліп қалды.
Аталған турнирде командалар 2024 жылдың 3 қыркүйегі мен 2025 жылдың 31 мамыры аралығында сайысқа түседі. Жылдағы дәстүрмен тұрақты кезеңде алғашқы 16 орынға ие болған ұжымдар Гагарин кубогында сайысқа түсуге мүмкіндік алады.