Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform .
Бүгінгі кездесу елордалық команда үшін сәтсіз басталды.
Ресейлік клуб бірінші кезеңде қатарынан төрт шайба соғып кетті.
Оны Тейлор Бек - 3, Владимир Бутузов - 15, Николай Прохоркин - 17, Артём Михеев 18-минутта өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде «Сибирь» сапынан Энди Андреофф 28-минутта басымдықты арттыра түсті.
Оған қазақстандық клубтан Энтони Камара 32-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.
Енді елордалық команда ұлттық құрама Ресейде өтетін Бірінші арна кубогына қатысады.
Осыған байланысты Құрлықтық хоккей лигасында 19 желтоқсанға дейін үзіліс жарияланды.
Сол күні «Барыс» Ресейде «Салават Юлаев» командасымен ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» «Авангардтан» ұтылған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.