ҚХЛ: «Барыс» Ресейдің СКА командасынан ірі есеппен жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ресейлік клуб жылма-жыл үздіктер қатарынан көрініп келеді. Биыл да сол үрдіспен турнир кестесінде алдыңғы орынның бірінде тұр. Олар 54 ойыннан кейін 73 ұпаймен 5-орынға жайғасқан.

Есесіне «Барыстың» жағдайы мәз емес. Елордалық клуб 53 ойыннан кейін 44 ұпаймен 19-орынды місе тұтып тұрған жайы бар.

Кездесу барысында ресейлік клуб тізгінді өз қолында ұстады. Нәтижесінде бірінші кезеңде олардың қатарынан Алекс Гальченюк 5, Василий Глотов 13-минутта мергендік танытты.

Екінші кезеңде СКА сапынан Марат Хайруллин 23-минутта командасының басымдыған арттырды.

Ал үшінші кезеңде олардың қатарынан Арсений Грицюк 42, Марат Хайруллин 43, Василий Глотов 45, Степан Фальковский 52-минутта гол соқты.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 0:7 есебімен ойсырай жеңілді.

Елордалық клуб алдағы ойынын 26 қаңтарда Ресейде «Лада» (Тольятти) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб «Автомобилист» командасына есе жіберген еді.