«Барыс» тағы да жеңілістің ащы дәмін татты

Фото: Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында елордалық команда ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде 12-минутта әріптестері Әлихан Өмірбеков пен Әлихан Әсетовтің берген пасын «Барыс» хоккейшісі Кирилл Панюков голға айналдыра білді.

Одан кейін «Салават Юлаев» сапынан Александр Хмелевски 16-минутта таразы басын теңестіріп кетсе, 28-минутта Нэйтан Тодд ресейлік клубты алға шығарды.

Ал 30-минутта қазақстандық командадан Әлихан Өмірбеков таразы басын теңестіргенмен, 33-минутта Егор Сучков қайтадан «Салават Юлаев» командасының басымдығын арттырды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді.

Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 19 қазанда Ресейде «Локомотив» (Ярославль) клубымен шеберлік байқасса, одан кейін 21 қазанда Беларусьте «Динамо» (Минск), 23 қазанда ресейлік «Сибирь» (Новосібір) командаларымен шеберлік байқасады.