ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Елордалық «Барыстың» капитаны Роман Старченко бір команда сапында 780 ойын өткізіп, Құрлықтық хоккей лигасындағы рекордты жаңартты.
Қазірге дейін аталған рекорд Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасында 779 кездесуде ойнаған Евгений Бирюковтің еншісінде болатын.
Өскемен хоккей мектебінде тәлім алған 37 жастағы Роман 2003 жылдан бері Өскеменнің «Қазцинк-Торпедо», елордалық «Барыс» командаларында ойнаса, 2022-2023 жылдарда Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) клубының намысын қорғады.
Биылғы маусымда Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында 39 кездесуде өзінің есебіне 19 ұпай жазды. Қарсыластар қақпасына екі шайба соғып, он бес нәтижелі пас берді.
Айта кетсек, биыл елордалық команда плей-офф сатысына шыға алған жоқ.
Енді Астанада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург), «Лада» (Тольятти), «Сибирь» (Новосібір) командаларын қабылдайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.