Барлық аймақта жанармай қоры үздіксіз толықтырылып отыр - Энергетика министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM - Аймақтарды, оның ішінде Батыс Қазақстан облысын, мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету ҚР Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында. Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары 100% қуаттылықта жұмыс істеп, жанармай қоры үздіксіз толықтырылып отыр.
«АИ-92 автокөлігіне арналған бензин аймаққа теміржол вагондарымен жеткізіліп, кейіннен жергілікті мұнай базаларына түсіріліп, содан кейін автоцистерналармен жанармай құю станцияларына (АЗС) тасымалданады.
Атырау МӨЗ-індегі жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, бұл да жеткізілім тұрақтылығын қамтамасыз етеді», — деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
16 қазан күнгі жағдай бойынша БҚО-дағы жанармай қоры:
• АИ-92 — 3,82 мың тонна, бұл облыстың 14 күндік қажеттілігін жабады;
• АИ-95 — 0,72 мың тонна, бұл 11 күндік қажеттілікті жабады.
«Өңірдегі „PetroRetail“, „Helios“ және „Sinooil“ сияқты ірі АЗС желілері толық көлемде жанармаймен қамтамасыз етілген. „Нефтэк“, „Venoil“ және „Мега Ойл“ сияқты өңірлік желілер де қажетті қорлармен қамтамасыз етілген», — делінген ақпаратта.
Министрлік бензинді заңсыз шектеу немесе оның мұнай базаларынан АЗС-ке жеткізілуінде кідіріс болған жағдайда БҚО әкімдігі жанындағы жанармай бойынша аймақтық штабқа жүгінуді ұсынады.
Штаб құрамына жергілікті бәсекелестікті қорғау, қаржылық мониторинг, мемлекеттік кірістер және табиғи монополияларды реттеу департаменттерінің өкілдері кіреді.