Барлық кәсіби заңгерлер Сот төрелігі академиясында тегін оқи алады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында академияға қабылдау қағидаларының жаңартылуы мен судья кадрларын даярлау бағытындағы өзгерістер туралы айтты.

Фото: pixabay.com

Оның сөзінше, Академия үшін қабылдау науқанының маңызы ерекше. Себебі ашық әрі объективті іріктеу арқылы сот жүйесінің болашақ кадрлық резерві қалыптасады.

– Кейінгі жылдары қабылдау қағидалары едәуір жаңартылды. Негізгі өзгерістердің бірі – білім алуға қолжетімділіктің кеңеюі. Бұрын бюджет негізінде оқуға түсу мүмкіндігі негізінен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне берілсе, 2025 жылдан бастап жұмыс орнына қарамастан барлық кәсіби заңгерлер үшін тегін оқу мүмкіндігі қарастырылды, - деді Қанат Мусин. 

Ректордың айтуынша, бүгінде Академияға мемлекеттік қызметшілермен қатар адвокаттар, нотариустар, заң кеңесшілері, корпоративтік заңгерлер, жеке сот орындаушылары және мемлекеттік емес сектордың өзге де өкілдері түсе алады.

Оның пікірінше, бұл шешім судья мамандығына тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сот жүйесінің кадрлық резервін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Академиядағы білім алуға деген жоғары қызығушылық соңғы қабылдау науқандарының нәтижелерінен де байқалады. Биыл бір орынға шамамен 10 үміткерден келген. Оқуға түсушілер қатарында заң саласындағы түрлі мамандық иелері бар.

Сонымен қатар ректор Академия инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Алғаш рет білім алушыларды практикалық даярлау үшін криминалистикалық полигон құрылды. Оқу процесін басқарудың заманауи ақпараттық жүйесі енгізілді. Білім беру ортасын цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр, - деді ол.

Қанат Мусиннің атап өтуінше, аталған өзгерістердің барлығының негізгі мақсаты – судья кадрларын даярлау сапасын арттыру.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы сот ісін жеңілдетуге қатысты ұсыныс айтқан еді