Барлық әкімдіктер сайлаушылардың тізімін 28 ақпанға дейін жасақтап бітуі тиіс - Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық әкімдіктер сайлаушылардың тізімін 28 ақпанға дейін жасақтап бітуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

«Біріншіден, біздерге ҚР Конституциясына, Сайлау туралы конституциялық заңға және қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес ашық, еркін және демократиялық сайлаудың өтуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеге біздер баса назар аударып, айрықша мән беруіміз керек», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

Оның айтуынша, екіншіден, сайлау учаскелерінің, әсіресе учаске мүшелерінің жүйелі оқытылуын ұйымдастыру қажет. Өйткені, сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсібилігіне және сайлау процесін ұйымдастырушылардың құқықтық сауаттылығына көптеген жайттар тәуелді.

«Үшіншіден, сайлаушылардың сенімді тізімін дайындау жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Өздеріңіз де білетіндей, сайлаушылар тізімін өзектендіру жұмыстары белсенді жүргізіліп, оған қолдағы барлық ресрустар жұмылдырылуда», - деді ол.

Сонымен қатар ОСК төрағасы учаскелік сайлау комиссиялары сайлауға дейінгі 15 күннің ішінде сайлаушылардың тізіммен танысуына мүмкіндік жасауы тиістігін баса айтты.

«Яғни, біздің жағдайда 4 наурыздан бастап мүмкіндік беруі қажет. Ал әкімдіктер 28 ақпанға дейін бұл жұмыстарды толығымен аяқтап, акті бойынша тізімді сәйкесінше сайлау комиссиясына ұсынуы тиіс», - деген ОСК төрағасы, төртіншіден, жанжалды жағдайларға және сайлау заңнамасын бұзуға жол бермеу қажеттігін айтты.