11:49, 04 Қыркүйек 2013
Барлық ауылдардың ішінде 5200-ге жуығының даму әлеуеті орташа
АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Барлық ауылдардың ішінде 5200-ге жуығының даму әлеуеті орташа болып есептеледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
«Бүгінгі күні республикамыздағы 6936 ауылдық елді мекендерде 7,6 млн. адам тұрады. Барлық ауылдардың ішінде 1310-ның даму әлеуеті жоғары, 5192-сінің даму әлеуеті орташа болып есептеледі. Әкімшілік маңызы бойынша ауылдық елді мекендердің 119-ы аудан орталықтары, 2411-і кенттік және ауылдық округтердің орталықтары болып табылады. Ауылдық елді мекендердің жартысынан астамы шағын, яғни тұрғындарының саны 500 адамнан кем болып келетін ауылдар болып табылатынын және оларда ауыл халқының небәрі 9,7 пайызы тұратынын атап өту керек», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2012 жылы 2 трлн. теңгені құрады немесе ол елдің Ішкі жалпы өнімінің 4,1 пайызына сай келеді. «Бұл ретте көптеген ауылдық елді мекендерде теміржолдың, тау-кен өнеркәсібінің, энергетика және экономиканың басқа да салаларының құрылымдары, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының орналасқанын, мұнымен қоса олардың ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өткен жөн», - деді С. Жұманғарин.