Барлық баспалар қазақ классиктерінің жинақтарын қолға алып жатыр

АЛМАТЫ. 23 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның кітап нарығын күзге қарай отандық баспалар қазақ классиктерінің таңдамалы шығармалар жинақтарымен толықтырмақ.

Бұл туралы бүгін Алматыда Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесерінде айтылды.

«Қазақ кітаптарының насихатын арттыру мақсатында 2013-2014 жылдары Қазақстандағы барлық баспалар мақсатты түрде қазақ классиктерінің жинақтарын шығармақ. Алғашқы кітаптар күзден бастап жарық көре бастайды деп жоспарланып отыр. Бұл шара оқырманның жақсы кітапты талғап оқуына өз септігін тигізбек. Өйткені қазір нарықта безендірілуі жоғары деңгейде болғанымен сапасы ала-құла баспа өнімдері өте көп. Олардың арасынан қажетті кітапты айыру қиындап кеткен еді. Сондықтан бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінде арнайы талқыланып, онда қабылданған нақты шаралар қазір өз жемісін бере бастады», - дейді балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС бас директоры, жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек. «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Алаш» баспасының директоры Дидахмет Әшімханұлының айтуынша, әйгілі қаламгерлердің енді бұрын ешбір жинақтарына енбеген шығармаларын газет-журналдардан жинап, жинақ етіп шығару қажет. Мәселен, олар Оралхан Бөкейдің туған жерінен дайындалған «Біздің Оралхан» деген кітап шығарған. Онда қаламгердің ешбір жинақтарына кірмеген шығармаларын енгізіп, «Ауыл хикаяттарындағы» кейіпкерлерінің протиптерін тауып, естеліктерін суретімен басқан. Қазір енді жазушының 70 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 7 томдық шығармалар жинағын дайындап, баспаға жіберген көрінеді.