Барлық бөлім техникамен толық қамтылды деп айтуға ерте - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Барлық бөлімдер техникамен толық қамтамасыз етілді деп айтуға ерте. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің барлық бөлімдер техникамен толық қамтамасыз етілді деп айтуға ерте. Қазіргі таңда техникамен жабдықтау деңгейі – 60 пайыз. Министрлік бұл бағыттағы мәселелермен айналысып жатыр. 2022 - 2024 жылдары қажетті арнайы техникаларды сатып алу жоспарланған. Оның нәтижесінде техникамен жабдықтау деңгейі 80 пайызға жетеді. Біз бұл орайда республика бюджетін де ескереміз. Мәселен, 2023 жылға техникамен жабдықтау жұмыстарына 207 млрд теңге бөлінді. Бұл – ірі сома. Бұдан бөлек, өрт сөндіру бөлімдеріне қосымша жергілікті бюджеттен қаражат беріледі. Бұған дейін жабдықтауға 53-80 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетін», - деді ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі.

Сонымен қатар, Ибрагим Күлшімбаев төтенше жағдайлар саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі тапшылық 10 пайызға жетпейді.