Барлық мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі бағдарламалар үлесі 70 пайызға жетті - ҚР Мәдениет министрі

None
АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Барлық мемлекеттік телеарналардағы мемлекеттік тілдегі бағдарламалар үлесі 70 пайызға жетті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, 

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілгені мәлім, құжат күшіне енетін келер жылдан бастап заң талаптары күшейтіле түсетін болады. Бүгінгі күннің өзінде барлық мемлекеттік телеарнадағы қазақ тілді бағдарламаның үлес мөлшері 70 пайызға жетті. Ал ретрансляция мәселесі түбегейлі шешілген. Жалпы, осы жұмысты ең алғаш қолға ала бастаған кезеңде, кейбір отандық коммерциялық телеарналарда қазақ тілінің үлес салмағы 3-5 пайыз ғана болатын. Кейбір телеарналар өз көрсетілімдерінің 95 пайызын ретрансляциялайтын. Қазір бұл екі мәселе де шешімін тапты. Мемлекеттік тілдегі бағдарламаларға байланысты, олардың тәуліктің белгілі бір мөлшерінде орналасуы жөнінде әлі проблемалар болғанымен, жаңа заңға сәйкес келесі жылдан бастап бұның барлығы толық реттеледі», деді М. Құл-Мұхаммед.

Сонымен бірге, министр ағымдағы дағдарыс жағдайына қарамастан бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының тапсырыс алғандығын да атап өтті. Министрлікте ақпарат саласы бойынша 500-ден астам республикалық, 700 өңірлік іс-шараларды жарыққа шығаруға қатысты арнайы медиа-жоспар жасалып, бұлардың барлығы толық жүзеге асқан.