Барлық өңірде еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс - Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, еліміздегі 106 мың мүмкіндігі шектеулі адамның 25 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауы үшін арнайы квота бөлуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қазақстан Президенті ел Үкіметіне аталған міндеттің орындалу барысын қадағалауды тапсырды.

«Орындамаған жағдайда өтемақы төлеу мәселесін қарастыруы керек. Барлық аймақтарда еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс. Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында мұндай орталықтар жоқ. Бұл үлкен кемшілік. Сондықтан мұндай орталықтарды қалайда ашуды тапсырамын. Осы жұмысты мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы іске асыруға болады», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалту көмегін мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен беру мәселесін қарастыруды ұсынды.