Барсакелмес - құландар қорығы
Ашық аспанның аясынан ойып орын алған бұл қасиетті мекен бір кездері Арал теңізінің біргі жағалауындағы өзінше арал болатын. Кейінгі жылдары теңіз суының күрт тартылуына байланысты ол бертін келе құрлықпен қосылып кетіп, өзінің арал ретіндегі статусын жоғалтып алды. Соған қарамастан ол Қазақстандағы белгілі алты мемлекеттік қорықтың қатарында жан-жануарларды қорғау мақсатында жұмыс жасап келеді.
Барсакелмес аралын аң-құстың, өсімдіктер мен бұталардың бақпан мекені ретінде пайдалану алғаш 1929 жылы қолға алынды. Сол жылы құрып бара жатқан жануарларды сақтау мақсатында осы құмды аралға құлан, ақбөкен апарылды. Арада тура он жыл өткен соң, 1939 жылы, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы бойынша бұл арал қорыққа айналдырылды. Сол кездеАрал теңізінің солтүстік бөлігіндегі ұзындығы 30 шақырым, ені 8 шақырым келетін, ауданы 133 шаршы шақырымды құрайтын ұзынша арал болған.
Барсакелмес аралы неогеннің горизонталь бағытта жатқан шөгінділерінен, сазды тақта тас, мергель жыныстарынан түзілген. Жағалауы аз тілімделгендіктен, қолтық-қойнау, шығанағы көп емес. Арал-сазды, сортаңды шөл. Үстіртті келген (100 м) оңтүстігі теңізге тікқабақ болып тіреледі, ал солтүстік батысы ойпаң. Жері көбіне белесті, әредік төбелер де кездеседі. Аралдағы құм төбелерде өсімдік бар. Төбелердің биікті 6-7 метрге жетеді. Климаты қоңыржай шөлдікі, қаңтардың орташа температурасы -12 (шілдеде 20-26)С. Жауын-шашын 100-200 мм мөлшерінде түседі.Топырағы сортаң. Өсімдіктен шөлде өсетін бұталар кездеседі. Жер асты суы ащы.
Бұл аралды ғылыми тұрғыда зерттеу ең алғаш реті ХІХ ғасырдың орта шенінде басталған. Патша үкіметі 1840 жылдардың басында Арал теңізінің аумағын зерттеу үшін алғашқы экспедиция жасақтап, оған әскери теңізші А.Бутаковты басшы етіп белгілейді. 1848 жылғы мамырдың ортасында Ор бекінісінен 1000 түйесі, 500 өгізі, 1500 жасағы бар керуен 800 шақырымнан астам жердегі Арал теңізіне қарай сапарға шығады. Мамырдың 25-інде жолай бұл топқа 3000 түйемен 565 жол бастаушы қазақтар қосылады. Сөйтіп, әрбірі 250-300 кило жүкті артқан 4 мың қаралы түйесі бар керуен айдан аса уақытта діттеген нүктесіне жетеді. Осы экспедицияға ілесіп Арал топырағына сол кезде украинның айдаудағы атақты ақын-суретшісі Тарас Шевченко да келеді.
Өкінішке орай, өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан басталған Арал теңізі айдынының тартыла түсуі Барсакелмес қорығына да өзінің кері әсерін тигізді. Осынша мезгіл аралығында теңіздің акваториясы екі еседен астам азайып, судың мөлшері 5 есеге қысқарған, толқын деңгейі 20 метрге төмен түсіп, жағалаулар сызығы 70-150 шақырым аралығында кейінге шегінген. Сөйтіп, 4 млн. гектар алқапта адам қолымен жасалған шөл атырап пайда болды. Аралдың құрлыққа қосылып кетуіне байланысты бұл жерден екі рет Балқаш бойына құландар көшірілді.
Енді Барсакелмес қорығының дәл қазіргі таңдағы жұмыс сипатына келсек, ол 16795 гектар жерді алып жатыр. Бірақ, тұяқты аңдардың (құлан, ақбөкен) бұл қорық аумағынан тысқары кетіп қалатындығына байланысты қосымша тағы 500 мың гектардай алқап бақылауға алынған. Бұрынғы теңіз табаны және онымен жалғас жерлерден құралатын осынау атырап күзет әдісімен қадағаланады. Мұндағы құландар саны да біртіндеп өсіп келеді. Бір кездері тіпті санаулы болып қалған бұл аңның мұндағы қарасы бүгінде 100-ден асты. Егер құланның өте баяу өсетіндігін ескерсек, бұл өсімнің өзінің жоғары қарқынды екенін байқауымызға болады.
Барсакелмес - құландар мекені. Әу басында мұндағы қорықтың өзі негізінен табиғатта сиреп бара жатқан осы аңның түрін сақтап қалу үшін құрылған еді. Сол мақсатта Түркіменстанның Бадхыз қорығынан екі дүркін құландар әкелінген болатын. Сол құландар көп ұзамай,бұл жерді жерсініп, тез көбейе бастаған. Енді олардың «күлден қайта көтерілгендей» күй кешіп жатқандай қазіргі тірлігінен оң нәтиже шығатынына сенгіміз келеді. Ал Барсакелмес құландар мекені болып қала бермек.