«Барселона» мен «Бавария» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испаниялық 'Барселона' мен Мюнхеннің 'Бавариясы' Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты, деп жазады Vesti.kz.

"Барселона" турнирдің ширек финалының қарымта кездесуінде өз алаңында Францияның "Пари Сен-Жермен" командасын 2:0 есебімен жеңді. Екі голды да ойының 14-інші және 34-інші минутында Неймар соқты. Алғашқы кездесуді де «каталондықтар» 3:1 есебімен өз пайдасына шешкен болатын.

Осы ойынмен қатар "Бавария" қарымта кездесуде 6:1 есебімен "Портудың" тас-талқанын шығарды. Олар бірінші таймның өзінде қарсылас қақпасына жауапсыз 5 гол салып, жартылай финалға жолдама алып қойған еді. Ал ширек финалдың бірінші ойынында «Порту» 3:1 есебімен жеңгенін айта кетейік.

Жартылай финалдың жеребе тарту рәсімі 24 сәуір күні Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.