Барселона мен Камбрильсте теракті ұйымдастырғандар тағы бір шабуыл жоспарлаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні кешкісін Барселона мен Камбрильсте теракті ұйымдастырғандар газ баллонын жару арқылы тағы бір шабуылды жоспарлаған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Каталония тергеушілерінің дерегі бойынша, екі терактіні жасады деген күдік келтіріліп отырған ұйымның құрамында кем дегенде сегіз содыр бар. Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Альканар елді мекенінде жарылыс болып, салдарынан бір адам көз жұмды, тағы жетеуі зардап шекті.

Тергеушілердің пайымынша, бұл адамдар бейсенбі күні шабуыл жасаған ұйымға қатысы болуы мүмкін және сол күні бутанмен толтырылған баллондарды жаруды жоспарлаған.

«Олар (күдіктілер) жарылғыш зат дайындады деп есептейміз», - деп хабарлады полиция өкілі. Сондай-ақ ол Альканарда терактіні жасады деген күдікпен бір адамның ұсталғанын мәлімдеді.