Кездесу Каталонияда өтті, оған UFC-дің жеңіл салмағы бойынша көшбасшы атанған спортшы «Эль-Класико» текетіресінің құрметті қонағы ретінде келген еді. Арман Царукян испаниялық грандтың спорттық базасында жүрген Карим Мендикановпен кездесті.
Жекпе-жек шебері жас жартылай қорғаушы жөнінде жылы лебізін білдірді. Оны «Барселонадағы» қазақ футболының жарық жұлдызы деп бағалады және әзілмен Карим каталондықтардың негізгі құрамына енген кезде оған матчқа билет тауып бере ала ма деп сұрады.
Мендикановтың өзі сурет астына қысқа ғана «Аңызбен түскен фото. Көп рақмет» деген қысқа жазба қалдырды.
Еске салсақ, Орал қаласының тумасы Карим Мендиканов «Барселона» құрылымымен үш жылдық келісімшартқа қол қойған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді. Қазір жартылай қорғаушы клубтың жасөспірімдер командасында (U-16) нәтижелі ойын көрсетіп келеді. Сондай-ақ ол еліміздің сол жастағы Қазақстан құрамасына үнемі шақырту алады.
Ал Арман Царукян UFC-дегі кезекті титулдық жекпе-жегіне қызу дайындығын жалғастырып жатыр.
Айта кетсек, қазақстандық балуандар Нилуфар Раимова мен Зейнеп Баянова әйелдер күресінен Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалын сәтті өткізді.