Барселонадағы наразылық соңы қақтығыс пен тонауға ұласты

АСТАНА. KAZINFORM - 14 жылдағы алғашқы жалпыұлттық ереуіл аясында өткен наразылық шаралары аяқталған соң, қалада тәртіпсіздік басталды. Барселона көшелеріне 50 мыңнан астам адам шықты.

Фото: ВВС

Негізгі шеру аяқталған соң, бетперде киген адамдар қоқыс жәшіктерін өртеп, дүкендердің витриналарын сындырған, деп хабарлайды Kazinform BBC-ге сілтеме жасап.

Наразылық шеруінің негізгі бағыты Барселонаның басты даңғылы Пасео-де-Грасия арқылы өтті. Күндіз түрлі бағыттан келген шерушілер осы жерде тоғысты.

El País басылымының жазуынша, шеру мерекелік сипатта өткен. Барселона полициясы оған 55 мың адам қатысты деп мәлімдесе, кәсіподақтар бұл көрсеткішті 400 мыңға жуық деп отыр.

Фото: ВВС

Аталған оқиғаға Испаниядағы ұзаққа созылған тұрғын үй дағдарысы түрткі болды. Оны елдің ең ірі екі кәсіподағы – UGT мен CCOO, сондай-ақ жалдау ақысының қымбаттауы мен тұрғындарды баспанасынан күштеп шығару жағдайына наразылық білдірген басқа да кәсіподақтар мен жалға алушылар бірлестіктері қолдады.

Орталық банктің мәліметінше, Испанияда шамамен 750 мың үй жетіспейді. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай елде баспана тапшылығы 1 миллионнан асады.

Ереуіл ресми түрде аяқталғаннан кейін бір топ адам Пасео-де-Грасия бойындағы дүкендердің витриналарын қиратып, кейбірін тонап, бірнеше сауда орнын өртеген.

Ең көп зардап шеккендердің бірі – қасбеті бүлінген Lego ойыншықтар дүкені. Сондай-ақ наразылық білдірушілердің Apple дүкеніне басып кіруге әрекеттенгені байқалған. Бұл туралы BBC тілшілері хабарлады.

Көшелерде ондаған қоқыс жәшігі өртеніп, полициямен қақтығыс болған. BBC тілшісіне сұхбат берген наразылыққа қатысушылардың бірі баспана бағасының қымбаттауына қарсылық білдіруге келгенін айтқан және шеруге балалар мен қарттар да көп қатысқан.

-Кешке ол Рамбла бульвары маңында болып, көшелердегі өртті көрген. — Айнала отқа оранып, жағдай қатты шиеленісті, — деді ол.

Барселона мэрі Жауме Кольбонидің мәліметінше, тәртіпсіздіктерге байланысты Каталония полициясы 50 адамды ұстаған. Сондай-ақ ол қала әкімдігі келтірілген шығынға қатысты сот процесіне қатысатынын мәлімдеді.

Жалпыұлттық ереуілге Мадридте 87 жастағы әйелдің үйінен шығарылып, кейін қайтыс болуына байланысты наразылық акциялары түрткі болды.

Қазанда Испания парламенті жалдау ақысын төлемегені үшін тұрғындарды үйден шығаруды тежеу және баспана жалдау құнының шарықтауына жол бермеу жөніндегі үкімет қаулысын қабылдамады. Наразылықтар да Премьер-министр Педро Санчесті кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгілеуге мәжбүр етті.

Педро Санчес бастаған социалистер наразылық акцияларын қолдап, тұрғын үй дағдарысына оңшыл оппозицияны кінәлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда бір тәулікке жалғасатын жалпыхалықтық ереуіл өтетіні хабарланған болатын.