Барселонаның жарық жұлдызы Христо Стоичков: Қазақстан, ЭКСПО Кубогы мен Мессидің мықтылығы жайлы
Сұхбат алдында Христо Стоичков «EXPO 2017 Football Cup» турнирінде Әлем құрамасының бапкері әрі шабуылшысы болғанын айта кету керек. Елуді еңсергеніне қарамастан, ардагер сұрмерген алғашқы екі матчта көзге түсіп, қарсылас Қазақстан және Германия құрамаларының қақпашыларын қапы қалдырған. Футбол жұлдыздарының бірнеше буыны ауысып кеткенімен, Астанада Стоичковпен суретке түсіп қалуды ойлаған жанкүйерлердің саны аз болған жоқ.
- Христо мырза, Астанаға қош келдіңіз. Турнирден алған әсеріңізбен бөлісе аласыз ба?
- Меніңше, Астана төрінде өте керемет турнир болып өтті. Әсіресе, ұйымдастырушылардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, маған ұнады.
- Қазақстандағы футболдың дамуына қандай баға берер едіңіз?
- Астанаға келіп футболдың өсіп-өркендеуіне ерекше ден қойылып жатқанын көзім көріп отыр. Керемет әрі кең стадион бар. Жаттықтырушыларыңызға да жақсы баға беремін. Бірақ, алдағы уақытта да жетістіктер мен жеңістерге жету үшін балалар және жасөспірімдер футболын дамыту керек деген ойдамын.
- 2015 жылдың соңына қарай ресейлік және болгарлық БАҚ көздері «Христо Стоичков Юрий Красножаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері болуы мүмкін» деген ақпаратты таратты. ...Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыру туралы өзіңіз ойланып көрдіңіз бе?
- Шынымды айтсам, бұл ақпаратты бірінші болып сізден естіп тұрмын. Бірақ, кім біледі, бәрі мүмкін.
- Болгария ұлттық құрамасында ізбасарым бар деп айта аласыз ба?
- Жо-жоқ. Әзірге «мен» дейтіндей мықты футболшыларды көріп тұрған жоқпын. Жоқ дегенде бұл кезеңде ешкім қара үзіп шыққан жоқ. Бәлкім, 100 жылдан кейін болатын шығар (деп күлді)...
- Шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатыңызда «2018 жылы Болгария 1994 жылғыдай үздік өнер көрсетуі мүмкін» деп қалдыңыз... Болгария 23 жыл бұрынғы жетістікті қайталауы мүмкін бе?
- Бәрі мүмкін. Бірақ, қазір өте қиын. Біздің кездің ойындарын қазіргі футболмен салыстыруға келмейді. Бұрынғы футбол қазіргіден тым бөлек еді...
- Өзіңіз өнер көрсеткен «Барселона» клубының жанкүйері екеніңізді білеміз. Әрі қарай осы команда жайында әңгімені өрбітсек. Неймардың ПСЖ-ға кетуі каталондықтар үшін қиынға соқпай ма?
- Барселонаның басшылығында мықты әрі білікті мамандар отыр. Олардың жұмысы - көшбасшылықты сақтап, бәрін орын-орнына үйлестіре білу. Неймардың 222 млн еуроға ПСЖ-ға кетуі «Барселона» үшін аса қауіп тудырады дегенге сене қоймаймын. Клубтың басшылығы қандай қадамға барғандарын біледі.
-2016/2017 жылғы Чемпиондар лигасының ең үздік шабуылшысы атағына «Реалдан» Криштиану Роналду, «Барселонадан» Лионель Месси мен «Ювентустан» Пауло Дибала үміттеніп отыр. Бұл атаққа кім лайықты деп ойлайсыз?
- Сөз жоқ, Месси шын мықты! Оған сенемін. Ол әрқашан да командалық ойыншы ретінде өзін танытып келеді. Сенбесеңіз, техникасын бақылап көріңіз. Екіншіден, ақылға салып алаңға шығатынын ескеріңіз. Оған қоса, аргентиналық кеудемсоқ емес: керек кезінде командаластарына мүмкіндік береді. Месси - is the best!
- Астанаға келгенде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне бас сұғуға тілек білдірген екенсіз...
- Астанаға алғаш келген күні кешқұрым «ЭКСПО-2017» көрмесінде болып қайттық. Көрменің ұйымдастырылуында мін жоқ. Бәрі ұнады.
- Қазақстан ұлттық құрамасы мен футбол клубтарына не тілер едіңіз?
- Өте көп еңбектенген команданың жеңіс туын желбіретері анық. Қазақстан ұлттық құрамасының суперкоманда болуын тілеймін.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!