Барша қазақ елін қуантқаным үшін бақыттымын — әлем чемпионы Фатима Сұпығалиева

ОРАЛ. KAZINFORM — Эквадорда дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында батысқазақстандық, 16 жастағы Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. Қазақстан тарихында дзюдодан қыздар арасында алғаш рет осындай атаққа қол жеткізген спортшымен Kazinform тілшісі хабарласқан еді.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

— Фатима Алтынбекқызы, күллі Қазақ елін қуантқан ерекше табысың құтты болсын! Бұған қалай жеттім деп ойлайсың?

— Әрине, бұған тынымсыз еңбек пен ұдайы жаттығудың арқасында жеттім деп ойлаймын. Өз өмірімде әкем Алтынбектің орны ерекше. Кішкентайымнан осы дзюдо күресіне баулып келеді. Содан кейін екінші бапкерім, әкемнің шәкірті Ерлан Оңаловты айтар едім. Ол Эквадорға менімен бірге барды. Мені қолдап, дұрыс бағыт беріп отырды. Ағайым болмаса, сескеніп, басқаша күресер ме едім. Ол кісі болғаннан кейін ештеңеге алаңдамай, сабырмен шықтым. Ең бастысы, барша қазақ елін қуантқаным үшін бақыттымын.

Эквадорға барар алдында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынында болдық. Құрамадағы ахуал өте жақсы, бәрі де жақсы баппен жетті.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

— Эквадор — Оңтүстік Америкада орналасқан алыс ел. Ауа райына бейімделу оңайға түспеген шығар?

— Иә, климатқа үйрену қиын болды. Уақыт айырмашылығы да бар, мысалы, қазір Қазақстанда сағат 20.00 болса, мұнда таңғы 10.00.

— Осы әлем чемпионатындағы белдесулеріңді еске түсірейікші. 1/32 финалда Люксембург өкілі Соукайна Морейрадан айлаңды асырдың. Одан кейін мексикалық Констанса Акоста Клаудионы қапы қалдырдың. Ширек финалда аустралиялық Рика Хиросені жеңдің. Жартылай финалда израильдік Яли Яхавтан өттің. Финалда украиналық Ксения Кирильчукты қосымша уақытта таза түсіргеніңді бүкіл әлем көрді. Осының қайсысы қиын болды?

— Мұны бөліп-жарып айта алмас едім. Жекпе-жектің бәрі де мен үшін оңайға түскен жоқ. Әйтеуір бәріне бірдей нық сеніммен шықтым.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

— Қазақстандық қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы болған сәтте қандай сезімге бөлендің?

— Әсер керемет. Артымда қалған қалың елдің үмітін ақтағаныма қуандым. Қазақстанымыздың көк байрағы желбіреп, Гимн орындалған сәтте кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

— Ендеше, жеңісіңді кімге арнайсың?

— Жеңісімді әкеме арнаймын. Ол мен үшін өмірдің бар ыстық-суығына төзіп келеді. Өзі де күреспен айналысқан спортшы, кейін бапкер болғаннан кейін менің жолымның оңай еместігін біледі. Осы сапарға шығар алдында да: «Қызым, саған сенемін, сенен мықты ешкім жоқ, не істеу керектігін өзің де білесің ғой», деп жігер берді.

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты командалық жарыспен аяқталады. Оған қатыспаймын, менің салмағым жоқ. Қыздар 48, 63, 70, ұлдар 60, 81 және 90 келіде татамиге шығады. Содан кейін елге қайтамыз.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

— Алда қандай жарыстар бар?

— Қараша айында Сенегал астанасы Дакарда жасөспірімдер арасында олимпиада додасы өтеді. Онда да ел намысын қорғау үшін барымды саламын.

— Әңгімеңе рахмет, Фатима, жеңістер тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдер Азиадасының чемпионы мақсаты олимп биігін бағындыру екендігі туралы айтқанын жазған едік. 

Сондай-ақ Фатима Сұпығалиева Қазақстан тарихында қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды.