Онда: «Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! Биылғы жылды мемлекетіміз «Аналар жылы» деп белгіледі. Біз осыған орай және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасына қолдау білдіре отыра, «Аналарға арналған бақ жасайық» атты ұранымен барша Қазақстан халқын «Дәстүрлі ағаш егу мерекесіне» шақырамыз», - делінген.
Баспасөз мәслихатында аталмыш бастаманы көтерген, Ұлыбританияның «Виктория ханым» сыйлығының иегері, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гөзел Құлжабаева: «Анадан асқан ардақты жан жоқ. Патшаны да, батырды да өмірге әкелетін ана. Барша ақ жаулықты аналарымызға арнап, бақ жасасақ, ең әуелі аналарымызға көрсеткен зор құрмет болып, ұрпақтарымыздың бойына әдемілік пен сұлулықты сіңірер еді. Осындай өнегелі іс біздің өсіп-өркендеуімізге де үлкен септігін тигізері анық. Біздің бұл бастамамыз еліміздің әр өңірінде қолдауға ие болады деген үміттеміз», -деді.
Оның айтуынша, ақ жаулықты аналарға арналған бақ «Батыр ана» бағы деп аталмақ. ««Батыр ана» бағын 10 га жерге жасауды жоспарлап отырмыз. Ағаштарды егу жұмыстары ертең басталады. Он бес күннің ішінде, яғни 15 сәуірге дейін өз бірлестігімнің және ауыл тұрғындарының қолдауымен 3 мыңнан аса алуан түрлі ағаштар мен 3 мың қылқан жапырақты ағаштар мен бұталарды егуді жоспарлап отырмыз. Саябақ Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округінде бой көтеретін болады. Біз алдыңғы жылдары Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерекесіне орай «әр ауылдық округте 20 мың ағаш» атты үндеу жариялап, осы ауылда 20 гектар жерге ағаш егіп, бақ жасаған едік. Бұл бастамамыз сол игі істің жалғасы десек болады. Мұнда ағаштарды егу жұмыстары біткеннен кейін тұрғындардың демалуына арналған орындықтар қойылады. Саябақты жасаудан өзге біз бақтың кіре берісіне «Батыр аналарымызды» құрметтеу, тағзым ету мақсатында қазіргі өмірде бар батыр аналардың тізімін жасаймыз, ал сол жағына дүниеден өткен «Батыр аналарымыздың» есімдерін тасқа жазатын боламыз. Бақтың ресми түрдегі таныстырылымын Сіздердің назарларыңызға күзде ұсынамыз», - деді Гөзел Құлжабаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 6 мың ағаш Гөзел Құлжабаеваның жеке қаржысына сатып алынбақ. «Мен үшін қанша қаражаттың кететіні маңызды емес. Анаға қандай жақсылық жасасақ та, қандай ескерткіш орнатсақ та біз оның парызынан құтылмаймыз. Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесіне саялап, кәдесіне жаратса оның өзі үлкен сауапты іс деп білемін. Сонымен қатар, ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде маңызы зор екендігі баршамызға аян. Сондықтан да мен мүмкіндігім келгенше еш нәрседен аянбай елім үшін, мемлекетімнің гүлденуі үшін қызмет еткім келеді», - деді Г. Құлжабаева.
Дегенмен де, бізге саябақты жасауға 3 миллион теңге жұмсалатындығы белгілі болды.
Аталмыш бастамаға қазірдің өзінде халықаралық, экологиялық ұйымдар, Басши ауылының тұрғындары мен ауыл әкімдігі қолдау білдірген.
«Біз бұл игі бастамаға қолдау білдіреміз. Әрбір шенеунік пен кәсіпкер Гөзел Құлжабаевадай болса еліміз гүлденген баққа айналар еді. Бұл ақылды да, ел экологиясының жақсаруына ықпал ететін игілікті бастама», - деп атап өтті «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов баспасөз мәслихатында.