Барша қазақстандық азаматтар президенттік «Қазақстанда жасалған» акциясына қолдау көрсетуі тиіс - депутаттар пікірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Барша қазақстандық президенттік «Қазақстанда жасалған» акциясына қолдау көрсетуі тиіс. Бұл пікірді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Нөгербеков білдірді.

«Бұл акцияны барша қазақстандықтар қолдауы тиіс. Өйткені, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары біздің кәсіпорындарымыздың аяғынан тік тұрып, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасады. Сондықтан біз барлығын осы акцияны қолдауға шақырамыз», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ал Сенат депутаты Ольга Перепечина өзінің тек қазақстандық сүт және ет өнімдерін сатып алатындығын баса айтты.

«Қазіргі қаржылық қиын кезеңде кез келгеніміз өз елінің патриоты ретінде дүкеннен Қазақстанда жасалған өнімдерді ғана сатып алуымыз керек деп ойлаймын. Яғни, қазақстандықтар өз өндірушілеріне жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Мен тұтынушы ретінде қазақстандық өнімнің сапасын өте жоғары бағалаймын. Азық-түлік өнеркәсібі саласында бізде сапасы өте жоғары өнімдер жеткілікті. Мәселен, мен тек қазақстандық сүт және ет өнімдерін сатып аламын», - деді ол.