«Барыс Аренадағы» мұз айдынында Қазақстанның ең үлкен Туы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық «Барыс» пен ресейлік «Витязь» арасындағы хоккей матчы алдында мұз алаңында Қазақстанның ең үлкен Туы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек жіптен тоқылған Тудың ауданы 800 шаршы метр, салмағы шамамен 60 келі. Сондықтан алып Туды алаңға орналастыру үшін 30 ерікті шақырылған.

Мұндай шара хоккей клубының тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Акцияның мақсаты – хоккей жанкүйерлерінің патриотизміне қолдау білдіру.

Іс-шара расымен де әсерлі өтті. Біріншіден, Мемлекеттік ту мұз алаңының көп бөлігін алып тұрды. Екіншіден, оның ашылуы ақ түсті ұлттық киім киген қыз балалардың хорымен сүйемелденді.

«Ашық аспан» акциясын ұйымдастырушылардың бірі Тілек Каналиннің айтуынша, мұндай үлкен көлемдегі байрақты жасауға екі аптаға жуық уақыт кеткен.

Еске салайық, Республика күні мерекесі қарсаңында кәсіби парашютші Олег Тощев ұшақтан парашютпен секіру кезінде көлемі 800 шаршы метр болатын Қазақстанның ең үлкен Туын әуеде ашқан болатын. Осылайша ол Қазақстан рекордтар кітабына енді.