Ойынның бірінші кезеңінде «Барыстың» хоккейшілері қарсыластың қақпасына екі шайба салса, екінші кезеңнің ортасында өз басымдығын 3:0-ге дейін жеткізе білді. Алайда үшінші кезеңде есеп теңесті. Ал матчтың аяқталуына бес минуттай уақыт қалғанда, «Сибирь» тағы бір шайбаны соғып, алға шықты. Қорытынды есеп - 3:4.
«Сибирь» хоккей клубының бас бапкері Дмитрий Квартальновтың айтуынша, бұл ойында «Барыс» Новосибирск құрамасына жеңуге мүмкіндік берді. «Иә, біз ұзақ уақыт бойы жеңіске қол жеткізе алмай келдік. Осы жолғы ойында да 0:3 есебімен бастадық. Меніңше, «Барыс» командасы жеңуге мүмкіндік берді. Ал біздің хоккейшілер ол мүмкіндікті қалт жібермеді. Мен жігіттерге шын алғысымды білдіремін. Себебі бұл жеңіс бізге ауадай қажет болды», - дейді Д.Квартальнов.
Айта кетейік, бұл ойыннан кейін Құрлықтық хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде «Барыс» (73 ұпай) 4-ші орынға түссе, «Сибирь» 58 ұпаймен 13-шы орынға көтерілді. Осының арқасында ол плей-оффқа өтуі әбден мүмкін.