«Барыс» бүгін Ресейде мәскеулік «Динамо» командасымен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы төртінші ойынын Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: hcbarys.kz

Кездесу бүгін, 11 қыркүйекте 22:30-дa басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін 33 мәрте кездесті. Оның 12-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.

Екі команда арасындағы соңғы он кездесудің екеуі ғана қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды.

Айта кетсек, елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы бұдан бұрынғы төрт кездесуінде де қарсыластарына есе жіберді. Салдарынан турнир кестесінде 22-орында келеді.

Ресейлік клуб төрт кездесудің екеуінде жеңіске жетіп, турнир кестесінде оныншы орында тұр.

Ал бұдан кейін «Барыс» елордада 16 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал», 18 қыркүйекте «Нефтехимик» командаларын қабылдайды.