«Барыс» бүгін Ресейде «Сибирь» командасымен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы үшінші ойынын Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Команда бүгін, 7 қыркүйекте 18:30-де сырт айдында Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен шеберлік байқасады.

Екі команда бұған дейін 59 мәрте кездесті. Оның 20-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.

Одан кейін 9, 11 қыркүйекте сырт айдында ресейлік «Авангард» (Омбы), «Динамо» (Мәскеу) клубтарымен шеберлік байқасады.

Ал елордада 16 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал», 18 қыркүйекте «Нефтехимик» командаларын қабылдайды.

Қазақстандық клуб қазірге дейін елордада Ресейдің «Салават Юлаев» (2:3), «Сибирь» (4:5) командаларына жеңіліп қалды.