«Барыс» елордада Беларусьтің «Динамо» командасына есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойынның бірінші кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды.

Гол соғатын мүмкіндік іздеді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде беларусьтік клуб хоккейшілері қатарынан үш гол соғып кетті. Оны Райан Спунер 21, Ник Меркли 31, Роман Горбунов 32-минутта өзінің еншісіне жазды.

Оған «Барыс» хоккейшісі Никита Михайлис 35-минутта бір шайбамен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде елордалық клубтан Лиден Вей 42-минутта есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен одан кейін Райан Спунер 50-минутта тағы бір голдың авторы атанса, Роман Горбунов 58-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.

Енді елордалық клуб 18 ақпанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада СКА командасынан жеңіліп қалған еді.


Фото: sports.kz