«Барыс» ХК президенті В.Шақшақбаев интернеттегі жанкүйерлердің тым қатты айтылған сындарына наразы

None
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - «Барыс» хоккей клубының президенті Вадим Шақшақбаев интернеттегі жанкүйерлердің пікірлерін белсенді түрде бақылап отырады.

 Бұл туралы бүгін ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

 «Мен кеше интернеттегі пікірлерді жіті оқып шықтым. Ондағы кейбір жанкүйерлердің айтқаны тіпті ақылға сыймайды. Әр түрлі нәрселерді салыстырып, түсініксіз дәлелдемелер келтіріп, түрлі жаңалықтарды жазады», - деді ол қынжылып. Оның айтуынша, ол жақында жанкүйерлермен  кездесу өткізіп, оларды мазалаған барлық даулы мәселелерді түсіндірген, сауалдарына жауап берген.

 Айта кетейік, жанкүйерлердің дені «Барыс» хоккей клубынан чехиялық легионерлердің аластатылуын құп көрмей, наразылық танытқан болатын. Қазақстандық жанкүйерлердің сүйіктісі Иржи Новотнымен келісімшартты мерзімінен бұрын үзген кезде бұл сын өрши түсті. Қазақстандық БАҚ құралдарына берген сұхбатында Иржи «Барыс» клубына өкпелі екендігін мәлім еткен. Осы командада өнер көрсеткен жылдардың ішінде ол Астана мен Қазақстанды жақсы көріп кеткен.

 «Мұнда қандай өкпе-наз туралы айтуға болады? И. Новотны келісімшартқа қол қоярда, екі тарапта да оны мерзімінен бұрын тоқтату құқықтары барын білді. Және бұл екі тараптың арасында болатын қалыпты жағдай. Біз команда өзге үлгіде болуы керек деген шешімге келдік. И.Новотнымен біз жылы қоштастық», - деді сөз соңында клуб президенті.