«Барыс» ХК Рыспаевпен жасалған келісім шарттарын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында ғана БАҚ беттерінде жарияланған Дамир Рыспаевтың «Барыс» хоккей клубымен келісімшарты туралы ақпарат толық емес және нақтыланбаған, деп түсіндірді клубтың баспасөз қызметі.

«Құрлықтық хоккей лигасы ойындарына қатысуға мерзімсіз шеттетілуіне байланысты, жас қорғаушы «Барыс» құрамындағы тізімнен шығарылды. Себебі өтініштегі орындар саны шектеулі. Сол себепті, Дамир Рыспаевпен өзге шарттары бар жаңа келісімшарт жасалды.

Екіжақты ҚХЛ емес, біржақты қазақстандық келісімшарт бекітілді. Ол «Барыс» ХК құрамына кіретін «Номад» командасының құрамында ойнауға және жаттығуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді «Барыс» ХК баспасөз қызметі.

Жас қорғаушы Қазақстан чемпионатының 14 матчына қатысып үлгерді, онда 2 (1 1) ұпай және 6 минут айып уақытын алды. Алайда, төбелес немесе дөрекілік үшін ойыннан шеттетілген жоқ.