Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сауалына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Бектас Сыздықов «Барыс» хоккей клубына жаңа мұз айдынын жасап беру мәселесіне қатысты әкімнің блогына бірнеше мәрте хат жазған.
«Ағымдағы жылы Континенталды хоккей лигасының комиссиясы «Қазақстан» спорт сарайы КХЛ-дың талаптарына сәйкес келмейтіндігін айтып, лиганың ең нашар спорт нысаны деп таныды. Осыған орай, Қазақстанның атынан шығып жүрген жалғыз хоккей клубы - «Барыс» КХЛ-дан шығып қалудың аз-ақ алдында тұр. Астанада халықаралық заманауи талаптарға жауап беретін хоккей алаңы салынады ма? Салынса, оның құрылысы қашан және қай жерге жоспарланып отырғанын айтсаңыз», - деген ол.
Әкімнің спорт жанашырына берген жауабы мынадай болды: «Барыс» ХК үшін жаңа мұз алаңын салу және оны қаржыландыру көзін анықтау республикалық деңгейде шешілуі тиіс. Себебі Астана қаласының бюджетінде шығындардың мұндай бабы қарастырылмаған. Сондықтан тап бүгін аталмыш нысанның орналасатын орны мен оны мерзімі жайында айту ерте».