АСТАНА. ҚазАқпарат – Астаналық «Барыс» хоккей клубына канадалық қорғаушы Алекс Грант алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барыс хоккей клубының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, канадалық спортшымен келісімшарт осы маусымның аяғына дейінгі мерзімге жасалған.
Алекс Грант спорт мансабының басым бөлігін Америка хоккей лигасында (АХЛ) өткізген. 2018 жылдан бері ол Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп келеді.
Төрт жыл бойы Алекс «Йокерит» клубының намысын қорғап, онда нәтижелі ойынымен көзге түсті. Өткен маусымда хоккейші Канада ұлттық құрамасы сапында Бейжіңдегі олимпиада ойындарында айдынға шықты.
Биылғы маусымды СКА клубында бастаған Грант 16 матч өткізіп, 6 балл (1 гол 5 пас) жинады.
«Барыста» Грант 51-нөмірмен ойнайды. Канадалық қорғаушы осы аптаның аяғына дейін команда құрамына қосылмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» бүгін елордада «Ак Барс» командасымен кездесетінін жазған болатынбыз.
Фото: www.hcbarys.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).