«Барыс» хоккей клубына жаңа шабуылшылар келді

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Астананың «Барыс» хоккей клубы шабуылшылар Камил Крэпспен және Джош Грэттонмен шарт жасасты.

Чехиялық Камил Крепс (Kamil Kreps) Ұлттық хоккей лигасының (NHL) Флорида пантерс командасында, кейін Кэрпэт (Финляндия) клубында ойнады. Чехия құрамасының шабуылшысы. ҰХЛ-да 232 ойын өткізді. Бойы - 188 см, салмағы - 88 келі.

Джош Грэттон (Josh Gratton) Канада елінің тумасы. Оның қызмет тәжірибесінде «Филадельфия флайерс» (NHL), «Финикс койотс» (NHL) және «Витязь» (Чехов) клубтарындағы ойындарын атап өтуге болады. «Барыс» құрамындағы аталған шабуылшының бойы - 188 см, ал салмағы 96 келі. Ол ҰХЛ-да 86, ҚХЛ-да 35 ойын өткізген.

Бұның алдында «Барыс» клубы швециялық қорғаушы Юнас Юнландпен келісімшартты бекіткені туралы хабарланған. Ол ағымдағы маусымда «Фэрьестад БК» клубының құрамында Швеция чемпионы атанды.