22 қаңтар күні хоккейші Астанаға келіп, клубпен келісімшарт жасасты. Алексей Трощинский үшін жаңа клубқа бейімделу көп уақыт алған жоқ. Себебі ол «Барыс» ойыншыларымен өзге командаларда және Қазақстан құрамасында бірге ойнағандықтан, әріптестерін жақсы таниды. Бүгін 39 жастағы хоккейші «Барыс» сапында Уфаға аттанып кетті. Ертең ол жергілікті «Салават Юлаев» командасымен болатын ойында мұз айдынына шығып қалуы да ғажап емес.
Қазақстандық клубта Трощинский 73-нөмірмен өнер көрсетеді. Келісімшарт маусым соңына дейін белгіленген.
Айта кетейік, осынау жоғары санаттағы ойыншы жақын арада Қазақстан құрамасына да өз көмегін тигізе алады. Ең алдымен ол құраманың Рига қаласында өтетін олимпада алдындағы біліктілік турниріндегі, кейін 14-20 сәуір аралығында Венгрияның Будапешт қаласындағы Әлем чемпионатындағы ойынына қатысады.
«Барыс» жейдесін кимей тұрып, Өскеменнің хоккей мектебінің түлегі Ресейдің «Витязь», «Динамо Москва», «Атлант», «Торпедо» және тағы басқа клубтарының намысын қорғаған болатын.