«Барыс» клубы Швейцария турниріндегі үшінші орын үшін таласта «Женева-Серветт» командасына жол берді
10:32, 23 Тамыз 2010
АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат - «Барыс» хоккейшілері Швейцарияда өтіп жатқан Basel Summer 2010 хоккей турнирінде үшінші орын үшін матчта жергілікті «Женева-Серветт» командасынан жеңіліс тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат чемпионат.ру сайтына сілтеме жасап.
Швейцариялық хоккейшілер қосымша белгіленген уақыттың 3-ші минутында жеңіс шайбасын салып, 3:4 есебімен турнирдің қола жүлдесін іліп әкетті.
Голдарды «Женеве-Серветт» клубының сапынан Флурин, Лорен, Моррис, Горан салды. Бұл кездесуде швейцариялықтардың Брайан Потье атты хоккейшіні атап өткен жөн. «Барысқа» соғылған барлық 4 голдың бастамашысы осы Потье болды.
«Барыс» командасының гол авторлары: Бумагин, Боченски және Каспар.
Базель турнирінің бас жүлдесіне Словакияның «Слован» клубы ие болды. Ақтық сында ол Санкт-Петербордың «СКА» хоккейшілерін жеңді.