«Құрлықтық хоккей лигасы басталғаннан бергі 15 жыл ішінде қаншама хоккейші ойын көрсетті. Солардың арасынан бір кездесуде төрт гол соққан қорғаушы болғаным – мен үшін мәртебе. Қашанда бірінші болу жағымдылық сыйлайды. Оған балаларым да қуанып жатыр. Мен мұндай көрсеткішпен ойында жеңіске жеткеніме қуаныштымын», - деп ой бөлісті канадалық қорғаушы ҚХЛ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Барыс» ойыншысы, 33 жастағы канадалық Алекс Грант Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) тарихында 4 гол соққан алғашқы қорғаушы атанды. Аталған кездесуде «Барыс» қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, Алекс Грант 2004-2022 жылдар аралығында Ұлттық хоккей лигасында Канада және АҚШ командаларында ойнады. Өткен жылы Ресейдің СКА және қазақстандық «Барыс» командаларының намысын қорғады. Содан бері 31 кездесуде ойын көрсетті.
Фото: «Барыс» ХК