НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» командасының Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын қашан өткізетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық клуб алғашқы ойынын 3 қыркүйекте бастайды. Бұл күні елордалық хоккейшілер Беларусьте «Динамо» (Минск) командасымен мұзайдынға шығады.
«Барыс» елордадағы бірінші ойынын 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасына қарсы өткізеді.
Құрлықтық хоккей лигасының 2022/23 жылдарға арналған толық ойын күтізбесі 18 шілдеде жарияланады.
Еске салсақ, бұдан бұрын хоккейден «Барыс» командасының бапкерлер құрамы белгілі болды.
Сондай-ақ, шайбалы хоккейден Президент кубогының ойын кестесі жарияланды.
Биыл 12-ші мәрте жалауын көтеретін жарысқа қазақстандық «Барыстан» өзге Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Автомобилист» (Екатеринбург), «Металлург» (Магнитогорск) және Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командалары қатысады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.