«Барыс» өз айдынында Санкт-Петербор хоккейшілерінен ойсырай ұтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуінде Астананың «Барысы» өз айдынында Санкт-Петербордың СКА командасын қабылдап, 1:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

СКА биылғы маусымда жеңілістің дәмін татпаған, турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатқан команда. Бұл ойында да олар айқын басымдылығын көрсете білді. Бірінші кезеңде Сергей Калинин қос голдың авторы атанды. Содан кейін екінші кезеңде Патрик Херсли мен Александр Барабанов есепті 4:0-ге жеткізді. Тек соңғы кезеңде ғана «Барыстан» Кирилл Полохов есепті қысқарта алды.

Осылайша, биылғы маусымды сәтті бастап, сырт айдындарда жеңіске жеткен елордалықтар «Барыс-Аренадағы» бес кездесуінің төртеуінде жеңіліс тауып, Шығыс конференциясында жетінші орынға сырғыды. Евгений Корешковтың шәкірттері келесі ойынын 27 қыркүйек күні өз айдынында Батыс конференциясында үшінші орында келе жатқан «Локомотив» (Ярославль) командасымен өткізеді.