«Барыс» өз айдынында «Торпедо» командасынан жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында «Барыс» өз айдынында «Торпедо» (Нижний Новгород) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін елордалықтар соңғы төрт кездесуінде жеңіске жеткен еді.

«Торпедо» 36 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орында келе жатса, «Барыс» 33 ұпаймен 9-сатыда тұрған-ды. Қос команданың да мақсаты плей-офф бәсекесіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу болатын.

Бұл жолы «Барыс» үшін ойын сәтсіз басталды. Бірінші кезеңде 11-минутта айдын иелерінің ойыншы алмасу кезіндегі қателігін пайдаланған Сергей Гончарук есеп ашты.

Матчтың екінші кезеңінде С.Гончаруктың әдемі пасынан кейін 23-минутта Михаил Варнаков есепті 2:0-ге жеткізді. 28-минутта Джастин Клус Хенрик Карлссонды қапы қалдырды – 3:0. Дегенмен 31-минутта сан басымдылығын пайдаланған Фил Бароне есепті қысқартты – 1:3. 38-минутта Ф.Бароне тағы бір мәрте мергендік танытты – 2:3.

Үшінші, шешуші кезеңде елордалықтар қаншама тырысқанымен, есеп өзгермей, «Торпедо» командасы жеңіске жетті – 3:2.

Енді елордалықтар қатарынан төрт матчын сырт айдында өткізеді. 13 желтоқсанда Юрий Михайлистің шәкірттері Челябіде жергілікті «Трактормен» күш сынасады.


Фото: www.hcbarys.kz