Шығыс конференцияда уфалықтар 57 ұпаймен төртінші орында тұрса, 42 ұпайы бар «Барыс» сегізінші сатыда келеді.
Юрий Михайлистің шәкірттері бұған дейін сырт айдында үш кездесу өткізіп, Екатеринбургте негізгі қарсыласы «Автомобилисті» 2:0 есебімен жеңді.
Мұнда қақпашы Йони Ортио тамаша ойнап, 32 соққыны қайтарды.
Алайда бұдан кейін елордалықтар жеңісті жолын жалғастыра алмай, «Ак Барс» (3:5) пен «Трактордан» (2:4) ұтылып қалды.
Дегенмен өз айдынында қазақстандықтар «Автомобилисті» буллит сериясында тізе бүктірді (3:2).
«Салават Юлаев» соңғы кезде матчтарының көпшілігін сырт айдында өткізіп келеді. Төрт кездесудің біреуінде уфалықтар «Ак Барстан» 4:2 есебімен басым түсті.
Сосын овертаймда «Куньлунь Ред Стардан» айласын асырды (4:3).
Қалған матчтарда қатты қарсылыққа тап болып, «Сибирьге» (Новосібір) овертаймда және мәскеулік «Спартакка» буллиттер сериясында 2:3 есебімен жол берді.
Уфалықтар биылғы маусымның беташар ойынында 3 қыркүйек күні «Барысты» өз айдынында ірі есеппен (5:1) ұтып кеткен еді.
Айдын иелері соның есесін қайтара ала ма, оны бүгінгі кездесу көрсетеді.
«Барыс» — «Салават Юлаев» матчы елорда уақытымен сағат 19.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» буллит сериясында «Автомобилисті» жеңгенін жазған болатынбыз.