НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл қызметке беларусьтік маман Андрей Скабелка келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Беларусь маманымен келісімшарт екі жылға жасалған. Ол 2024 жылдың 30 сәуіріне дейін бас бапкер қызметін атқара алады.
Андрей Скабелка 1971 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. Ол кәсіби хоккейші ретінде 1988-2007 жылдарда Беларусь, Ресей клубтарында ойын көрсеткен.
2007 жылдан бері бапкерлікке бет бұрып, Ресей, Беларусь клубтарының тізгінін ұстады. 2018-2020 жылдарда «Барыс» және Қазақстан ұлттық құрамасы тізгінін ұстады.
Оның жетекшілігімен елордалық клуб екі жыл қатарынан Чернышев дивизионында көш басында болса, Гагарин кубогы шығыс конференциясында жартылай финалға дейін жетті.
Бұған дейін 2020-2021 жылдарда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) клубына жетекшілік жасады.
Айта кетсек, 2020-2022 жылдарда «Барыс» командасына қазақстандық маман Юрий Михайлис бас бапкер болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.