«Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Трактор»

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы сырт алаңда «Трактор» (Ресей, Челябі) командасымен ойнайды.

Құрлықтық хоккей лигасы аясында екі команда талай рет кездескен. Сол матчтардың басым бөлігінде «Трактордың» мерейі үстем болды. Жалпы, осы уақытқа дейін «Барыс» пен «Трактор» 18 рет бір-біріне қарсы ойнаған. Соның 11 матчы Челябі құрамасының пайдасына шешілген. Биылғы чемпионат аясында өткен алғашқы кездесуде де «Барыс» өз қарсыласынан 1:5 есебімен ұтылды. Ал қазіргі жалпытурнирлік кестеде Астана қаласының хоккей клубы «Тракторға» қарағанда, оқ бойы озық келеді. «Барыс» 32 матчта 64 ұпай жинап, 4-орынға шықса, «Трактор» 31 ойыннан кейін тек 44 ұпайға ғана қол жеткізген. Бұл команда 17-орында тұр.

Айта кетейік, бүгінгі ойын Астана уақыты бойынша кешкі сағат 19:00-де басталады. Оны «KAZsport» телеарнасы тікелей эфир арқылы көрсетеді.