Нақты айтсақ, Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін ойыншылардың жалақыларын есептеген «Спортс.ру» ең көп табыс табатын 90 хоккейшінің тізімін жасап шығарыпты. Ал бастаманың себепшілері клубтың менеджерлері екен. Сондай-ақ ойыншылардың агенттері мен хоккейшілер де рейтингті жасауға өз үлестерін қосып, мәліметтерімен бөліскен. Жалпы, рейтингте спортшылардың салық төлегенге дейінгі жалақылары көрсетілген.
Сонымен, рейтингтегі 90 хоккейшінің 14-і Санкт-Петербургтің СКА командасында ойнайды. ЦСКА (Мәскеу), «Салават Юлаев» (УФА), «Авангард» (Омск) клубтарының 9 ойыншысы, «Ак Барс» (Қазан), «Трактор» (Челябинск), «Динамо» (Мәскеу) командаларының сегіз ойыншысы және «Металлургтің» (Магнитогорск) 6 ойыншысы рейтингке енсе, «Барыстың» үш хоккейшісі тізімнен көрінген. 2,7 миллион доллар табатын Антропов 22-орында, Брэндон Боченски 73-81 орындарда болса, Найджел Доус 82-90 орындарда. Ал ҚХЛ-да ең көп айлықты СКА сапындағы Илья Ковальчук алады екен. Оның жалақысы - 10,3 миллион доллар. Рейтингте барлығы 18 клубтың ойыншысы бар, деп жазады "Алаш айнасы" газеті.