«Барыстың» хоккейшілері В.Крикуновты отставкаға «жіберді»

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - «Барыстың» кешегі қарсыласы «Нефтехимик» хоккей клубының бас бапкері Владимир Крикуновты отставкаға жіберді.

Бүгіннен бастап Нижнекамск қаласының хоккей клубы мен тәжірибелі бапкер арасындағы келісімшарттың күші жойылды. Күні кеше ғана В.Крикунов бастап келген команда «Барыстан» 5:1 есебімен ұтылған болатын. Бұған дейін олар сегіз мәрте қатарынан жеңіліп, «Юграны» бір ұтқаннан кейін «Автомобилистен» тағы да жеңілді. Ал Астана қаласының «Барыс» хоккей клубымен өткізген ойыннан кейін В.Крикуновты отставкаға жіберді. «Нефтехимик» хоккей клубының бас директоры Рафик Якубов бас бапкердің отставкасын команданың сәтсіз ойын көрсетуімен байланысты деп отыр. Қазір бас бапкердің міндетін атқарушы қызметіне Дмитрий Балмин тағайындалды.

Айта кеткен жөн, «Нефтехимик» командасына дейін В.Крикунов «Барыс» хоккей клубын жаттықтырды. 63 жастағы бапкер Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген «Ақ Барс», Мәскеу және Минск қаласының «Динамосы» сияқты командаларға жетекшілік етті.