«Барыстың» ойыншысы ҚХЛ үздік қорғаушысы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» ойыншысы Даррен Диц Құрлықтық хоккей лигасының 2018/2019 жылғы маусымдағы үздік қорғаушысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА-ға сілтеме жасап.

Сыйлы марапат хоккейшіге ҚХЛ маусымының Мәскеуде өткен жабылу рәсімінде табыс етілді.

Аяқталған маусымда Диц тұрақты чемпионат және плей-офф кезеңдерінде өткізген 73 ойынында 57 (18 39) ұпай жинаған.

«Бұл мен үшін үлкен жетістік. Осы марапат үшін Лигаға ризашылық білдіремін. Командаластарыма да көп алғыс, олар болмағанда, жанкүйерлер қолдамағанда осы тұғырға көтеріле алмас едім. Бұл маусымды біздің команда тамаша өткізді. Енді жиындардағы жұмыстың басталуын асыға күтіп жүрміз», - дейді Диц.

«Барыс» пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы ҚХЛ-дың осы маусымдағы таңдаулы құрамасына да кірді.

2018/19 маусымының таңдаулы құрамасы:

Қақпашы: Юха Метсола («Салават Юлаев»);

Қорғаушылар: Никита Нестеров (ЦСКА), Даррен Диц («Барыс»);

Шабуылшылар: Теэму Хартикайнен («Салават Юлаев»), Михаил Григоренко (ЦСКА), Илья Михеев («Авангард»).