Бас әскери прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі өтті

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанада Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадиновтың төрағалығымен, аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлардың қатысуымен Бас әскери прокуратураның кеңейтілген алқа жиналысы өтті.

«Шара барысында әскери прокурорлар, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің конституциялық және әлеуметтік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының құқықбұзушылық пен әскери ортадағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы іс-шараларын үйлестірудегі өткізген жұмыстары жайлы есеп берді. Бас әскери прокурор, бағынысындағы қызметкерлерден әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған заңнамалардын орындалуына қатаң қадағалауды қамтамасыз етуге назар аударды. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің опат болуы және жарақат алуы мәселелерін ұдайы түрде талдап, оның алдын алуға қажетті шаралар қолдануды талап етті. Сыбайлас жемқорлық фактілерін және лауазымдық құқықбұзушылықты анықтап, жолын кесу мәселелеріне ерекше көңіл аударуға шақырды», - делінген баспасөз айғағында.

Сонымен қатар, басқосу барысында әскери прокурорларға мемлекеттік шекара, тұрғын-үй және табиғатты қорғау заңнамаларының орындалуына қадағалау жұмыстарын күшейту жүктелді. Экономика саласында, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде, қадағалау әдістерімен мемлекеттік бюджеттің қаражатының мақсатты және заңды түрде пайдаланылуына ықпал ету шараларына назар аударылды. Прокурорлық қадағалау шараларымен кінәлілерді мемлекетке келтірілген материалдық шығынды өтеуге мәжбірлеу қажеттігі еске салынды.

Сонымен қатар, жиын барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы лаңкестік пен экстремизмге қарсы әрекет мәселелері де қаралды.