Бас әскери прокурор Ақтауда әскерлердің Батыс тобындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес өткізді

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Ақтауда Қорғаныс министрлігінің 25744 әскери бөлімінде Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов мәжіліс өткізді, онда әскерлердің Батыс тобындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша Бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды,

деп хабарлады Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.

Мәжіліс жұмысына Қорғаныс министрлігінің «Батыс» аймақтық колбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Халықов, Шекара қызметінің жағалау күзеті және «Батыс» аймақтық басқармаларының қолбасшылары генерал-майор Ш.Утяпов және полковник М.Бекпаев, Ішкі әскерлердің Батыс құрамасының командирі генерал-майор Б.Абжанов, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал гарнизондары әскери құқық қорғау органдарының, сондай-ақ әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.

Мәжілісте Бас әскери прокурор әскери прокурорлардың, жеке командирлер мен құқық қорғау қызметтерінің профилактикалық жұмыс туралы есептерін тыңдады және әскери нысандардың лаңкестіктен қорғануға қатысты проблемалық мәселелерін қарады.

Мәжіліс қорытындысы бойынша әскери ортадағы қоғамға қарсы көріністерге профилактикалық әсер етудің қосымша әдістері әзірленіп, мемлекеттік насихат, діни институттармен қарым-қатынас, мемлекеттік шекараны қорғау және әскери қызметшілердің құқықтарын әлеуметтік салада қорғау мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.