Бас аспазшы семіздігінен Жаңа Зеландиядан қуылмақ

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Жаңа Зеландия билігі Оңтүстік Африка Республикасының тумасын семіздігіне байланысты елден кетіретінін мәлімдеді, деп хабарлады Би-Би-Си.

Мамандығы бойынша бас аспазшы Альберту Буитенхуис пен оның әйелі Мартидің жұмыс визасын ұзартудан бас тартылды.

Иммиграциялық қызмет бұл шешіміне оның семіздігін, 130 келі салмағын ілік етті - олардың айтуынша, Буитенхуис семіздік дертіне ұшырағандықтан денсаулығы сыр беріп, әлеуметтік қызмет орындары оның емделуіне қаржы бөлуге мәжбүр болуы мүмкін.

Ерлі-зайыптылар Жаңа Зеландияның иммиграция істері бойынша министріне өтініш беріп, соңғы жылдары Буитенхуистің едәуір арықтағанын көрсетті.

Жақында жарияланған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының баяндамасында Жаңа Зеландия АҚШ пен Мексикадан кейін халқы семіздіктен зардап шегіп отырған елдер арасында үшінші орын алып отырғанын атап көрсетті.