Бүгін жаңадан жүзеге асып жатқан «Азаматтық қоғам мен мемлекеттің біріккен күш-жігерімен жазасын өтеуден босатылған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және олардың құқықтарын қорғау» атты жаңа жобаға байланысты баспасөз мәслихатында Халықаралық түрме реформасы Өкілдігінің директоры Сәуле Мектепбаева осылай мәлімдеді.
Өкілдік басшысының айтуынша, еліміз үшін жаңа жобаның жүзеге асуы аса өзекті. Өйткені, бүгінгі таңда Қазақстанда пенитенциарлық мекемелерден босатылғандардың саны мен олардың аталған мекемеге қайта «оралуының» көрсеткіші зор. «Статистикаға сүйенсек, 2010 жылы қазақстандық пенитенциарлық мекемелерден 18 мың 898 адам босатылды. Ал 2011 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан 15 мың 185 адам шыққан. Бұның өзі бас бостандығынан айыру орындарына түсушілер мен олардың «айналымының» көрсеткіші де жоғары екенін білдіреді. Ендеше ондай азаматтармен жұмыс істеуіміз керек. Тоқтала кететін тағы бір жайт, қазір қамау орындарында отырған азаматтардың 49 пайызы бұрын сотты болғандар», - дейді С. Мектепбаева. Оның айтуынша, бұрын сотталғандардың басым бөлігі өздерінің қоғамдағы орнын таба алмаушылықтан түрмелерге қайта оралып жатады.