«Бас гомеопаттың» екпеден бас тарту туралы интернетте таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас гомеопаты ретінде таныстырған Марина Таргакованың адамдарға екпеден бас тарту туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылған бейнежазу түріндегі лекциясы шындыққа сай келмейді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Марина Таргакова ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкері емес. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «ҚР ДСӘДМ штаттан тыс бас мамандарының тізімін бекіту туралы» бұйрығында гомеопат жоқ», - деп хабарлайды министрлік.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан азаматтарын мұндай мәлімдемелерге назар аудармауға шақырады. Бүгінгі күні халықты иммундау - вакцинамен екпе жасау жұқпалы аурулардың алдын алудың негізгі әдісі болып табылады. ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес Қазақстанда 21 жұқпалы ауруға қарсы тегін вакцин егу жүргізіледі. Вакциналаудан бас тарту инфекцияны қабылдағыш адамдардың және аурудың көбеюіне алып соғады.